Блефарит (кз)

Жалпы ақпарат

Қабақтың аса жиі кездесетін ауруларының бірі – блефарит, қабақтың шетінің қабынуы.

 

Симптомдары

Блефаритке шалдыққан науқастардың көпшілігі көздерінің маңайының қышуын, ашуын, бөгде зат тұрғандай болуын, оянған кезде қабыршақтардың пайда болуын немесе жабысуын сезінеді. Тексеріп қараған кезде қабақтың шетінің қызаруы, ал кірпікте қабыршақтардың болуы байқалады. Сондай-ақ, конъюнктиваның (көздің сілемей қабығының) қызаруы немесе сілемей бөлінуі орын алады. 

 

Себептері

Блефарит қабақтың созылмалы бактериалдық инфекциясы кезінде, көздің мейбомиялық бездерінің қызметінің бұзылысында, себорея немесе «көз розацеасы» аталатын ауруда кездеседі. Бұл диагноз самайдағы, жақтағы, мұрындағы және иектегі қантамырларының кеңеюімен (телеангиэктазия) расталады.

 

Емдеу

Блефаритті негізгі емдеу жылы компресс қою, қабаққа арналған скрабтар (өңезді шаю үшін) және антибиотикті жақпа майларды қолдану арқылы өтеді. Жылы компресті 15 минуттен, күніне екі рет қолдану қажет. Бұл қабақты тітіркендіретін қабыршақтарды ерітуге және мейбомиялық бездердің саңылауын бітейтін сілемей өндіруін азайтуға ықпал етеді. Жылы компрестен кейін қабаққа скраб жағу қажет. Ол үшін балаларға арналған сусабынды суға езіп, көбігін шығару қажет. Қабақты жауып, шетін мұқият түрде осы ерітіндімен мақта таяқшамен немесе саусақпен тазарту қажет. Қабақтың шетіне  эритромицинді немесе басқа антибиотикті жақпа май жағу қажет. Жақпа майды ұйқыға кетерде қолдану қажет, себебі, оның салдарынан көру бұлдырауы мүмкін. Инфекция анықталған жағдайда антибиотикті көз тамшылары қолданылуы мүмкін.  

Егер ауру қолданылған емге кетпеген жағдайда, бактериалдық талдау жасау (қабақтан жұғынды алу) қажет, бұл резистенттік (антибиотиктерге тұрақты) микроорганизмдермен жұқпалану мүмкіндігін анықтау үшін қажет.  Мұндай жағдайларда немесе «көз розацеасы» анықталған адамдарға ішке қабылданатын антибиотиктер тағайындалуы мүмкін. Ауыр жағдайда блефарит мөлдірқабықтың ойықжарасына немесе инфильтрат пайда болуына апаруы мүмкін. Сирек жағдайда резистенттік біржақты немесе екіжақты блефариттің себебі без карциномасы болуы мүмкін.    

Науқастар блефариттің созылмалы ауру екендігін және қабақтың гигиенасын үнемі қадағалау қажеттігін білуі тиіс. Оның барысын бақылауға алған кезде науқастарға күніне бір рет скрабты қолдану жеткілікті болады. 

Войти на сайт