Крон ауруы – асқазан-ішек жолдарының барлық бөлігінде – ауыз қуысынан бастап айналшыққа дейін ойық жара пайда болуымен сипатталатын ішектің қабыну ауруы. Қрон ауруы кезінде ішектің сау бөліктері мен зақымданған тұстары кезектесіп тұрады. Кейбір адамдарда аурудың ауыр симптомдары байқалады, ал басқаларда жеңіл түрде немесе емделмеген жағдайда симптомдарсыз өтеді. Аурудың ауыр барысында ұзақ уақыт бойы емделу, тіпті, хирургиялық араласу қажет болады.
Крон ауруының симптомдары қандай?
Крон ауруының симптомдары асқазан-ішек жолдарының зақымданған бөлігіне қарай әр түрлі болады. Аурудың жиі симптомдарына жататындар:
Диарея
Асқазанның түйіліп, ауырсынуы
Іште қайталанып, пайда болатын ауырсыну
Нәжістегі қан
Тәбеттің төмендеуі
Жоспарланбаған салмақ жоғалту
Басқа да қосалқы симптомдарына қалтырау, буындағы ауырсыну, көрудегі және терідегі мәселелер, шаршау сезімі жатады.
Крон ауруының симптомдары жеңіл немесе ауыр болуы мүмкін. Әр уақытта қайталанып, жойылып, күрт немесе біртіндеп басталуы мүмкін.
Крон ауруының себептері қандай?
Ішектің осы қабыну ауруының пайда болу себептері осы уақытқа дейін белгісіз. Бір отбасының мүшелерінде кездесуі мүмкін, яғни, тұқым қуалау да белгілі бір роль атқарады. Көптеген зерттеушілер ішектің қабыну аурулары организмнің иммундық жүйесіндегі мәселелерге байланысты деп санайды. Қалыпты жағдайда иммундық жүйе организмді инфекциялардан қорғайды. Ішектің қабыну аурулары бар адамдардың иммундық жүйесі тамақты, пайдалы бактериялар мен басқа да заттектерді инфекция көзі деп қате қабылдайды. Осының салдарынан иммундық жүйе ішектің жасушаларын шабуылға алып, оның қабынуына апарады.
Дәрігер медициналық тексеруді жүргізіп, аурудың сипатталған симптомдарын нақтылайды. Анықтау үшін дәрігер қанның бірқатар талдауын және нәжістің үлгілерін зерттеуді тағайындайды. Сондай-ақ, дәрігер тоқ немесе тік ішекті көрнекі түрде қарау бойынша бір немесе бірнеше процедураларды, мысалы, асқазан-ішек жолдарының эндоскопиясы – тоқ ішектің саңылауына иілетін жіңішке түтік енгізу арқылы жасалатын колоноскопияны және ректороманоскопияны тағайындауы мүмкін.
Асқазан-ішек жолдарының жоғары бөлімдерін зерттеу әдісі – фиброгастродуоденоскопия, ол арқылы дәрігер науқастың асқазанының және аш ішегінің жағдайын ойық жара болуына тексереді. Мұндай эндоскопия екі түрлі болады. Бірінші жағдайда, шағын камераны жұту арқылы (капсулалық эндоскопия), немесе дәрігер иілетін эндоскопты ауыз қуысы арқылы енгізеді.
Ауруды анықтау үшін көрнекі түрде қарауға мүмкіндік беретін тексерулер, мысалы, рентген, компьютерлік томография немесе іш қуысының МРТ тағайындалуы мүмкін.
Емдеудің мақсаты - аурудың симптомдарын туындататын қабынуды басу. Мұндай дәрілік препараттарға қабынуға қарсы құралдар және иммундық жүйені басатын препараттар жатады. Аурудың қандай да бір симптомдарының болуына сай дәрігер антибиотиктерді, диареяға қарсы, іш жүргізетін, ауырсынуды басатын препараттарды немесе дәрумендерді қабылдауды ұсынады. Аурудың ауыр түрде өтуінде көктамыр (вена) арқылы сұйықтық енгізу немесе оперативтік араласуды жүргізу үшін науқасты ауруханаға жатқызу қажет болады.
Емдеу барысында науқас отбасылық дәрігер, гастроэнтеролог (асқазан-ішек жолдарының маманы), қажет болса, хирург қатысатын дәрігерлер тобының бақылауында болады.
Аурудың симптомдарын қалай жеңілдетуге болады?
Өзіңізге қамқорлық жасауды қолыңызға алыңыз. Емдәм ұстану қажет. Қандай да бір симптомдардың болуына байланысты дәрігер тамақтану рационындағы талшығы мол тағамды азайтуды немесе сүт өнімдерін тұтынбауды ұсынуы мүмкін.
Сондай-ақ, құрамында кофеин, алкоголь бар және газдалған сусындарды тұтынуды шектеу немесе тұтынбау қажет болуы мүмкін. Емдәм ұстанумен қатар, демалу, ұдайы спортпен шұғылдану қажет. Күйзелісті бақылауға алу қажет, себебі, үйдегі немесе жұмыстағы мәселелерге байланысты күйзелісті жағдайлар ауруды қоздыруы мүмкін.